Грузия азаматы Атырау әуежайында 90 мың АҚШ долларын кеденнен жасырын өткізуге тырысқан
Шетелдік Кутаиси бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған
Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында Грузия Республикасының азаматы 90 мың АҚШ долларын кеденнен жасырын өткізуге тырысқан. Шетелдік Кутаиси бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған. Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, бұл дерек 11 ақпанда тіркелген.
«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы «Атырау-Кутаиси» бағытындағы №КС – 7993 халықаралық әуе рейсіне тіркеу кезінде Грузия Республикасының азаматының қол жүгінде 10 000 АҚШ доллары болған. Алайда, кедендік бақылауды жүргізу кезінде шекаралық бақылау бөлімшесі мен Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерімен бірге шетелдіктің жүгі тексерілді. Сол кезде Грузия Республикасы азаматының чемоданынан 90 000 (тоқсан мың) АҚШ доллары мөлшерінде кедендік бақылаудан жасырылған ақшалай қаражат табылды. Шетелдіктен алынған 100 000 (жүз мың) АҚШ доллары мөлшеріндегі ақшалай қаражат «ДХЛ ИНТЕРНЕЙШНЛ Қазақстан» ЖШС уақытша сақтай қоймасына қабылдау-тапсыру актісімен орналастырылды», - делінген хабарламада.