Алматыда лай көшкіні жүрген аймақта қауіп сейілді – ТЖД
Комиссия мүшелері болған оқиғаның себептерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда
Алматыда лай көшкіні жүрген аймақта қауіп сейілді. Еңісті зерттеу қорытындысы бойынша комиссия лай көшкінінің қайта түсу қаупі жоқ деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, Медеу ауданында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Оның құрамына төтенше жағдайлар департаменті, Қазселденқорғау және қала әкімдігінің мамандары бар.
Негізгі мақсат — оқыс оқиға болған тау маңын қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тексеру.
«8 ақпан сағат 15:00–дегі жағдай бойынша комиссия зерттеу қорытындысы бойынша жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін қайта лай көшкінінің түсуіне қауіп жоқ деген шешімге келді», — деп атап өтті ведомстводан.
Комиссия өкілдерінің сөзінше, 8 ақпанда 3000 текше метрден астам лай көшкіні түсті.
Жоғарыда әлі 300-400 текше метр бос масса бар, ол қазіргі уақытта мамандардың күшімен тазартылып, қауіпсіз жағдайда төмен түсіріліп жатыр.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері болған оқиғаның себептерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.
«Комиссия барлық мүмкін факторларды егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмысының нәтижесі хабарланады. Ресми деректерге сенуіңізді сұраймыз», — деп хабарлады департаменттен.
Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады, оны құзыретті органдар тексереді.