Семейдегі сауда үйінен шыққан өрт толығымен сөндірілді
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда
Семейдегі сауда үйінен шыққан өрт толығымен сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 ақпанда Семей қаласының «Ақшын» сауда үйінен шыққан өрт 20:55-те сөндірілді.
«Өртті сөндіру ғимарат ішіндегі қатты түтін мен жоғары температураға, үлкен өрт жүктемесіне, жанғыш материалдардың көп болуына және ғимараттың күрделі орналасуына байланысты өрттің тез таралуымен қиындай түсті. Өртті сөндіру барысында 3-ші қабаттың шатыры жартылай құлады. Өрт 11:39-да оқшауланды», - делінген хабарламада.
ТЖД және Денсаулық сақтау басқармасының психологтары 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетті.
Өртті жоюға 487 адам, 46 техника және ТЖД мен полицияның 1 өрт сөндіру пойызы, Апаттар медицинасы орталығы, ТЖМ 68303 әскери бөлімі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Ұлттық ұланның әскери бөлімі, «Зеленстрой» ЖШС жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.