Ол бұрынғы Үкіметтің кемшілігін де атап өтті
Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова жаңа премьер-министр Олжас Бектеновке қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бүгін Мемлекет басшысы өз сөзінде алдағы уақытта қаржы-экономикалық бағытта жаңа реформалар болатынын айтты. Жаңа тағайындаулар болатынын жеткізді. Премьер-министр өз сөзінде негізгі реформа қаржы-экономикалық блокта, бизнес саласында реформалар болатынын айтты. Сәйкесінше, экономика дамыған кезде әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Ең үлкен мәселе – заң үстемдігі мен тәртіп қағидаты», - деді Сүлейменова.
Депутат атағандай, әлеуметтік салада көптеген бағдарлама қабылданды, алайда сыбайлас жемқорлыққа қатысты не орта жолда тоқтап қалады, не аяғына дейін жетпейді.
«Сондықтан да халықтың игілігіне арналған қолайлы мектеп сияқты жобалардың аяғына дейін жетуіне жаңа премьер-министр мен министрлер кабинетінің табанды қызметі болады деп сенемін. Жаңа буын келе жатыр. Мемлекет басшысы жаңа Үкімет басшысы жайлы тәртіпті, таза адамдардың бірі деп айтты. Менің ойымша, бізге өзі тәртіпті, таза, сол тәртіпті басқалардан талап ете алатын адам керек болды. Мен оған сенемін», - деді Сүлейменова.
Оның айтуынша, бұрынғы Үкімет өз деңгейінде қызмет атқарды.
«Әрине, бәлкім табандылық жетпеген шығар. Дер кезінде жауапкершілік алып, халықтың бел ортасынан табылып, мұң-мұқтажын шешуге қажыр-қайрат жетпеген шығар деп ойлаймын. Бұрынғы Үкіметтің кезеңінде еңбек даулары сол күйінде қалды. Қарапайым еңбек адамдарының лайықты жалақысы, әлеуметтік кепілдеме мәселесінде шешетін дүние өте көп. Әлеуметтік аз қамтылған топ, асыраушысынан айырылған, көпбалалы, мүгедектегі бар отбасыларға қатысты әлі де реформалар қажет», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының жарлығымен Олжас Бектенов ҚР Үкіметінің басшысы болып тағайындалды.