Павлодар облысында бюджеттік мекемелер кеңсе қағазын қымбатқа сатып алмақ болған
Волонтерлер аталған тапсырыс берушілердің атына ұсыныс хаттар жолдады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің волонтерлері жалпы сомасы 9,5 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеді. Мекемелер кеңсе қағазын нарықтағы құнынан қымбат бағада сатып алмақшы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мысалы, Павлодар облысы Железин ауданының білім беру бөлімі А4 форматындағы кеңсе қағазының бір бумасын 2 600 теңгеден сатып алуға бел байлаған. Көзделген тауардың жалпы құны 7,3 млн теңгеден асады. Алайда аталған тауардың нарықтағы құны 1 500 теңге тұрады.
«Мұндай заңбұзушылық Тереңкөл ауданында да тіркелді. Волонтерлер аудандық аурухана әр бумасын 2 500 теңгеден, жалпы сомасы 750 мың теңгеге кеңсе қағазын сатып алмақшы болғанын анықтады. Тағы бір жағдай Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қатысты болып отыр. Мекеме басшылығы нарықтық құнын зерттеместен, жоғары бағамен жалпы құны 10 млн теңгеден асатын сомаға кеңсе қағазын сұратқан. Волонтерлер аталған тапсырыс берушілердің атына ұсыныс хаттар жолдады. Оларды қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алуға тиісті түзетулер енгізілді», - деп хабарлады өңірлік Антикор қызметінен.