Апат айтып келмейді: зілзала кезінде не істеуге болмайды?
Жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан оған әр адам дайын болуы тиіс
23 қаңтарға қараған түні Алматы тұрғындары қатты жер сілкінісін сезінді. Шамамен 49 минуттан кейін зілзала дүмпуі екінші рет қайталанды. Жерасты дүмпулерінен кейін, жанармай құю бекеттерінде, қаладағы негізгі көшелерде кептелістер пайда болды. Тұрғындар қаладан шығып кетуге тырысты.
Сейсмологтардың айтуынша, көрші Қырғызстан мен Қытай шекарасында магнитудасы 6,7 балдық зілзала тіркелді. Ал, Алматыда оның қуаты 5 балды құрады.
Апат айтып келмейді. Жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан оған әр адам дайын болуы тиіс. Ол үшін төмендегі кеңестерді ұсынамыз:
- Үйдегі, жұмыс орнындағы, мектептегі, көшедегі қауіпсіз орындарды анықтау;
- Отбасымен жер сілкінгенде не істеу керек екенін талқылап, алғашқы медициналық көмек беру ережесін үйрену;
- Дәрі қорабын дайындау және ондағы дәрі-дәрмекті қолдану ретін білу;
- Құжат, ақша, қалта шамын үнемі ыңғайлы орынға қою;
- Кереуетті терезе мен қабырғалардан алшақ орналастыру;
- Үйге кіретін жолды жиһаздармен, өзге заттармен бөгемеу;
- Шкафтар мен сөрелерді шегелеп бекіту, үстіне ауыр заттар қоймау;
- Улы химикат, тез тұтанатын сұйықтық секілді қауіпті заттарды жақсы оқшауланған сенімді орында сақтау.
Аспашамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден қорықпау, үрейге бой алдырмау.
Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мең ашық алаң. Сондықтан бірінші дүмпуден кейін тез және қысқа жолмен далаға шығу керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Лифтті пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Мұндай жолмен ғимараттан шығу мүмкін болмаса төсек жаймасынан арқан жасап, оны жылу батареясына байлаңыз да, терезеден түсуге болады. Бұл – балалар мен зардап шеккендерді құтқарудың тиімді тәсілі.
Ғимараттың ішінде қалып қойсаңыз:
– қауіпсіз жерде: негізгі ішкі қабырғаның жанына, негізгі қабырғаның бұрышына, есіктің жақтауына немесе негізгі тіреуіштің жанына тұрыңыз;
– мүмкін болса үстелдің астына тығылып, құлауы мүмкін заттар мен жарықшақтардан қорғана аласыз;
– терезелер мен ауыр жиһаздардан, үзілген сымдардан, алыс тұрыңыз;
– майшам, сіріңке, оттық қолданбаңыз;
– электрді қоспаңыз, себебі газ құбыры зақымданса, от тұтанып кетуі мүмкін.
– Көлік ішінде болсаңыз:
– көлікті ғимараттан, көпірден, бағаналар мен ағаштардан алыс жерде тоқтатыңыз;
– көліктен шықпай, жер сілкінісінің аяқталуын күтіңіз.
Көшеде:
– қауіпсіз ашық алаңда қалуға тырысыңыз;
– жер сілкінісі кезінде ғимараттардың құлаған қабырғалары мен кірпіштері, әйнектер адамдарға зардабын тигізуі мүмкін. Сол үшін ғимараттардан, электр бағаналарынан және үзілген электр сымдарынан аулақ болыңыз.
Жер сілкінісінен кейінгі әрекет:
– дүмпулердің толық тоқтағанын күтіп, сабырлы болыңыз;
– үйде не пәтерде қалсаңыз, бүлінген заттарды түгендеп шығыңыз;
– электр желісінде, су құбырында ақау болса, ажыратыңыз;
– жарақаттанғандарға көмектесіп, оларға алғашқы медициналық көмек беріңіз;
– өрт ошақтарын анықтауға тырысыңыз және мүмкін болса оларды сөндіру шараларын қолданыңыз;
– автокөлікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету не көмектесу мақсатында ғана пайдаланыңыз;
– телефонды тек құқықтық тәртіп органдарының өкілдерін (102), өрт сөндірушілерді (101), дәрігерлерді (103), құтқарушыларды (112) шақыру үшін пайдаланыңыз;
– балконға шықпаңыз;
– зақымданған ғимараттардың жанынан өткен кезде сақ болыңыз.
Үйінді астында қалып қойсаңыз:
– сабыр сақтап, көмек шақырыңыз, үрейге бой алдырмаңыз;
– өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз;
– қайда екеніңізді, өзге адамдар қасыңызда бар-жоғын анықтауға тырысыңыз:
– сізді тауып алғанға дейін дауыстап не қимыл жасап, назар аудартатын заттарды қолдану арқылы басқаларға белгі беріңіз;
– артық қимыл жасамаңыз.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН