2024 жылы төтенше жағдайларға ден қою үшін 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат жинау керек - ДДСҰ

Автор: Azattyq Rýhy

Қаражат 87 миллионнан астам адамға көмек көрсетуге бағытталған

Фото: afp.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2024 жылы бүкіл әлем бойынша 41 төтенше жағдай аймақтарындағы ең осал топтардың денсаулығын қорғау үшін 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат жинауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаражат 87 миллионнан астам адамға көмек көрсетуге бағытталған. ДДСҰ бұл үндеуді қарулы қақтығыстарға, климаттың өзгеруіне және экономикалық тұрақсыздыққа байланысты бірқатар күрделі төтенше жағдайлардың аясында жасады.

«Көбінесе төтенше жағдайлар кезінде денсаулық сақтаудың негізгі қызметтері болмағандықтан адамдар өлім қаупіне ұшырайды. Қарулы қақтығыс жағдайында босанатын аналар, құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтардағы кішкентай балалар, қатерлі ісікпен емделетін немесе диализдегі адамдар – олардың барлығы үшін денсаулық сақтау саласына қол жеткізу өмір мен өлім мәселесі болып табылады. Медициналық көмекті жолға қою да өте маңызды, өйткені оның болмауы кедейленген халықтың жағдайын нашарлатады және нәтижесінде оларды төтенше жағдайларға итемелейді», – деді ДДСҰ бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус.

2024 жылы түсетін қаржылық қолдау медициналық көмекті қамтамасыз етуге, маңызды дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды жеткізуді ұйымдастыруға, сондай-ақ негізгі медициналық қызметтерді үздіксіз ұсынуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаржыландыру аймақтар арасында келесідей бөлінеді: Африка аймағы - 334 млн АҚШ долл.; Шығыс Жерорта теңізі аймағы - 705 млн АҚШ долл; Еуропалық аймақ – 183 млн АҚШ доллары; Батыс Тынық мұхиты аймағы - 15,2 млн АҚШ долл; Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы – 49 млн АҚШ доллары; және Америка аймағы - 31 млн АҚШ доллары.