Алматыда заңсыз жүрген африкалықтарды қайтару шығынын әкімдік көтеретін болды
Көші-қон заңнамасын бұзған 19 адам мәжбүрлі түрде қайтарылды
Алматыда заңсыз жүрген африкалықтардың легі тоқтар емес. Ал оларды елдеріне күштеп қайтарудың шығыны әкімдікке жүктелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған Африка құрлығының 19 азаматы еліне қайтарылды. Шетелдіктерді күштеп елден шығару туралы соттың шешімі шықты.
«Аталған шетелдіктер біздің елде болған кезінде халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзған, атап айтқанда, заңда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан шықпай, сот шешімімен мемлекетімізден шығарып жіберу түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Айта кету керек, әуе тасымалы қала әкімдігінің көмегімен ұйымдастырылды. Ол бірнеше кезеңде өтеді. Африкадан келген заңсыз келімсектердің кезекті легін қаңтар айының соңына дейін жөнелту жоспарланған», – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.