Сегіз адам қаза тапты: Эквадорда қарулы топ тікелей эфир кезінде телеарнаны басып алған

Ел президенті 22 қылмыстық топтың көзін жоюға бұйрық берді

Сегіз адам қаза тапты: Эквадорда қарулы топ тікелей эфир кезінде телеарнаны басып алған

Эквадордың Гуаякил қаласында болған тәртіпсіздіктерден кем дегенде сегіз адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жаппай тәртіпсіздік туралы хабарламалар түсе бастағалы бері сегіз адам қаза тапты, екі адам жарақат алды, екі автокөлік пен екі мотоцикл өртеніп кетті, бір полиция қызметкері оқ жарақатын алды», - деді қауіпсіздік қызметінің өкілі YouTube-тегі Guerreros Digitales арнасындағы баспасөз мәслихатында.

Мэр Акилес Альварес бір тәулік ішінде қылмыс пен тәртіпсіздік туралы 1900-ден астам хабарлама түскенін атап өтті.

El Universo басылымының хабарлауынша, қарулы адамдар Гуаякилдегі студиясынан тікелей хабар таратып жатқан TC Televisión телеарнасына басып кіріп, қызметкерлерін кепілге алған.

Тікелей эфирдегі кадрларда бетперде киген алты адамның еденде жатқан арна қызметкерлерін мылтық дүмімен соққыға жыққанын көруге болады. Алайда телеарнаға шабуыл жасағандарды көп ұзамай полиция қолға түсірді

«Гуаякил қаласындағы TC Televisión ғимаратында жүргізілген операция нәтижесінде полиция бөлімшелері бірнеше адамды тұтқындап, қылмысқа қатысты айғақтарды тәркіледі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сйсенбіде Эквадор президенті Даниэль Нобоа елде «ішкі қарулы қақтығыстың» бар екенін мойындау туралы жарлыққа қол қойып, 22 қылмыстық топты залалсыздандыруға бұйрық берді.

Айта кетсек, 7 қаңтарда Лос-Чонерос бандасының Фито деген лақап атпен танымал жетекшісі түрмеден қашып кеткеннен кейін Эквадорда қауіпсіздік жағдайы нашарлады. Осыдан кейін бірнеше түзеу мекемесінде тәртіпсіздіктер болды. 8 қаңтарда Нобоа елде төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.