Жапонияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 200-ден асты
Сондай-ақ 102 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр

Сейсенбі күні Жапонияда құтқарушылар теңіз жағалауындағы Ното түбегінде болған бірнеше жер сілкінісінен қаза тапқан тағы 22 адамның денесін тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кyodo агенттігі хабарлағандай, кемінде 102 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр.
«Олардың орналасқан жерін анықтау үшін төтенше жағдайлар қызметімен байланысу мүмкін болмай отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер саны – 565. Жер сілкінісінен зардап шеккен аудандардың 28 мыңға жуық тұрғыны әлі эвакуациялау пункттерінде тұрып жатыр», - делінген хабарламада.
Табиғи апаттан әсіресе Исикава префектурасы зардап шекті: онда кем дегенде 1370 үй толық немесе ішінара қирап қалған, ал өрт салдарынан 300-ден астам ғимаратты жермен-жексен болды.
Еске салайық, 1 қаңтарда Жапонияда бірқатар жер сілкінісі болды. Алғашқы жерасты дүмпулері Исикава префектурасында сағат 16:06-да тіркелген, олардың магнитудасы 5,7 және 7,6 болды. Кейін Исикава префектурасында тағы бір жер сілкінісі болды. Ұлттық метеорологиялық бюроның мәліметі бойынша, оның магнитудасы 4,6 балл болды. Жер сілкінісі кезінде биіктігі 5 метрге жететін цунами қаупі жарияланды, бірақ артынша ондай қауіп жоқ екені хабарланды. 3 қаңтарда Исикава префектурасында магнитудасы 5,5 балл болатын тағы бір жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы су астында 10 шақырым тереңдікте болған.