Депутаттар Кентау қаласындағы ЖЭО барды
Тұрғындарға жылу қажетті деңгейде берілмей отыр
Мәжіліс депутаттары Кентау қаласындағы ЖЭО жұмысымен танысты. «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Қайрат Балабиев, Ерлан Абдиев және Темір Қырықбаев тұрғындардың шағымы бойынша Кентаудағы ЖЭО барды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Халық депутаттарға қыс мезгілінде жылудың жөнді берілмейтінін айтып шағымданған. Қазіргі уақытта Кентаудағы №5 Жылу электр орталығын жаңалау бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қаңтар айының басынан бастап сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп келеміз. Халықпен өткен жүздесулердің барлығында дерлік жылу жетіспейді деген шағымдар көптеп айтылуда. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, Кентаудағы жылуэнергоорталығына кәсіпорынның бүгінгі қызметін арнайы көру үшін келдік. Орталықта төрт жылу қазандығы жұмыс істеп, жылу қуаты 60 пайыз ғана болып отыр. Бұл мәселені Кентау қаласының әкімдігімен, партиялық құрылымдар арқылы тұрақты бақылауымызға аламыз. Халық жасаған төлеміне сай сапалы жылу алуы керек», – деді Қайрат Балабиев.
Ерлан Абдиев пен Темір Қырықбаев жылу беруші ұйым мен кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компанияның жұмыстарын жіті бақылауда ұстайтындарын айтты.