Испанияда әуе компаниясының қызметкерлері ереуілге шықты
Акция 45 мыңнан астам жолаушыға әсер етеді
Испанияның Iberia әуе компаниясының қызметкерлері 4 күндік ереуілді бастады, салдарынан 444 рейс тоқтатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Iberia авиакомпаниясының жердегі қызметтерінің қызметкерлері жұма күні үлкен ереуілге шықты. Ол дүйсенбіге дейін жалғасады.
Акция 45 мыңнан астам жолаушыға әсер етеді. Иберия оларға билеттерді басқа күндерге айырбастауды немесе ақшаны қайтаруды ұсынды.
Ереуілді бастау туралы шешім компания басшылығы мен кәсіподақтар арасындағы соңғы кездесу нәтиже бермегеннен кейін қабылданды.
Олар компания басшылығының қызметкер санын қысқарту шешіміне наразы. Сондай-ақ жалақыны көтеріп, кей рейстерді еншілес компанияға беруден бас тартуды талап етіп отыр.
Ал басшылық қысқартудың қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін маңызды екенін айтады. Шерушілер талап ескерілмейінше, наразылық акциясы тоқтамайтынын ескертті.