Ол олигополиялық диктатураға берілген баға жайлы да айтты
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтылған маңызды бастамаларға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол ірі лауазымды тұлғалардың мемлекетке тигізген кесіріне де тоқталды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Egemen Qazaqstan басылымында жарияланған көлемді сұхбатында қоғам күткен біраз сұрақтарға ашық жауаптар беріліпті. Елдегі саяси-экономикалық реформалардан басталған байыпты әңгіме барысында Қаңтар қасіреті, ұзақ жылдар байлық пен биліктің тамырын будандастырған жүйенің күресі, жекелеген ірі лауазымды тұлғалардың қалыптасқан жүйеге табандап жанкүйер болуы, қолға алған саяси реформаларды рельстен шығаруға ұмтылу, отын-энергетика саласындағы салғырттықтар, қос билік синдромының сипатын айқындау сынды мәселелер айтылған», - деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Оның пікірінше, мақалада президенттік мерзімге қатысты ел ішіндегі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қою мен олигополиялық диктатураға берілген баға да бар.
«Ішкі саясаттағы алдағы кезеңде атқарылуы тиіс іргелі істер мен сыртқы саясаттағы қарым-қатынастардың жүйелі жалғасы. Ресей және Қытаймен саяси сабақтастықты тең әріптестік сипатта жаңа белеске көтеру. Кадрлық мәселедегі айнымастық пен адалдық принципі, жастарға қолдау көрсету, ниетіне қасқыр шапқандардың билікке қол жеткізу жолында аярлық пен қатігездікті, сатқындық пен жәдігөйлікті басты құрал етуге қатысты емеуріні,несиесін өтей алмай қарызға батқан халықтың тағдыры бар», - деді депутат.
Әшімжан «алмақтың да салмағын» терең сезінуі тиіс Үкіметке қатысты ұстанымы мен экс-президенттің мемуары туралы да сөз болғанына тоқталды.
«Президент сұхбатынан бір үзінді келтірсек, соның өзі біраз жайттан хабар берері анық… «Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді. Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар... Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» деген сөз бар»... Міне, Президент осындай ойлар айтты», - деп түйіндеді ол.