Президент атаған жылу электр орталықтарындағы ахуал мүшкіл - депутат
Күрделенген мәселелер көп жылғы салғырттықтың салдары
Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бауыржан Смагулов Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған сұхбатына қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сұхбат барысында Президент ішкі және сыртқы саясатқа, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, АЭС құрылысына және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды», - деді депутат.
Оның айтуынша, ЖЭО және ТКШ саласындағы күрделі сын-қатерлер уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Жылыту маусымына көктемгі-жазғы дайындық жоспардағыдай жүріп жатыр деп айтылады. Алайда инженерлік инфрақұрылымды түбегейлі жаңартудағы көпжылдық проблемаларды шешу кезең-кезеңімен жүргізіледі.