Сенат ҰҚШҰ Жарғысына өзгерістер енгізді
Келесі жылы ұйымға Қазақстан төрағалық етеді
Сенат отырысына «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу жөніндегі төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жарғыға өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттамаға 2022 жылғы 26 тамызда қол қойылған. Хаттама Жарғының 8 және 17-баптарына толықтырулар енгізуді көздейді.
Біріншіден, Жарғының 8-бабына Ұйымға мүше мемлекеттерге биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты Ұйымға мүше мемлекеттер биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауды бастады», - деді Дархан Қыдырәлі.
Ол атағандай, ұйым аясында биологиялық және пандемиялық қатерлердің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл саласындағы қызмет пен ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында ұйымға мүше мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының Үйлестіру кеңесі құрылды.
«Осыған байланысты Ұйым Жарғысын биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қосу туралы нормамен толықтыру көзделеді. Бұдан басқа, Ұйым Жарғысының 17-бабына Ұйымның сыртқы істер министрлері Кеңесінің ұсынымына сәйкес және Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша Ұйымның Бас хатшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік беретін толықтыру енгізіледі», - деді сенатор.
Депутат атағандай, ұйымның нормативтік құқықтық базасында Бас хатшыны мерзімінен бұрын босату тәртібі реттелмегенін атап өткен жөн.
«Бұл жағдай 2018 жылы Бас хатшы өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанда айқын аңғарылды.Халықаралық ұйымдардың тәжірибесінде бірқатар себептерге байланысты бас әкімшілік лауазымды адам өз орнын мерзімінен бұрын босататын жағдайлар туындайды: мысалы, жеке жағдайларға байланысты өз қалауы бойынша босайды немесе оны жіберуші мемлекет кері қайтарып алады», - деді ол.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұйымға төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтеді. Таяуда Минскіде өткен Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша басым бағыттарды айқындап берді.
«Сондықтан заңның қабылдануы Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Сенаттың тұрақты комитеттерінің Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ. Аталған заңның маңыздылығын ескере отырып, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады», - деді Қыдырәлі.
Сенаторлар Жарғыға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ