Бразилияның бірінші ханымы Илон Маскпен соттаспақ
АҚШ миллиардерінің компаниясы тағы да айыпқа ілікті
Бразилияның бірінші ханымы Розангела Лула да Силва америкалық кәсіпкер Илон Маск компаниясын сотқа бермек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Розангела Лула да Силваның бұрынғы Х деп аталатын әлеуметтік платформасындағы жеке аккаунты бұзылған. Reuters хабарлауынша, хакер 11 желтоқсанда аккаунтты бұзып кіріп, бірнеше хабарлама жариялаған. Оның ішінде бірінші ханым мен президенттің ар-ожданына тиетін сөздер де жазылған.
Ел президенті Луиз Инасио Лула да Силваның жары Розангела ханым бұл оқиғаны «адам құқығын таптау» деп атады. Ол ел үкіметінен әлеуметтік медианы бақылауға алуды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етті.
«Бұған дейін Аустралия премьер-министрінің жеке аккаунтына хакерлік шабуыл жасалғаны мәлім. Яғни, компания адам құқықтарын өрескел бұзды. Мен АҚШ немесе Бразилия сотына жүгінемін, міндетті түрде компания жауап беруі тиіс!» - деді Розангела Лула да Силва.
2003 жылдан 2010 жылға дейін президент болған және 2022 жылы Бразилиядағы жалпы сайлауда қайта президент болып сайланған Луиз Инасио Лула да Силва аталған шуға қатысты пікір білдірді.
«Мен Еуропалық Одақ қазірдің өзінде белгілі бір реттеуді енгізгенін білемін. Біз Америка Құрама Штаттарының, сондай-ақ Қытайдың не істеп жатқанын мұқият қадағалауымыз керек», - деді ол.
Екі ай бұрын Масктың әлеуметтік желісі Израиль мен ХАМАС туралы жалған ақпарат таратқаны үшін ескерту алды. Қазір реттеушілер компанияға қарсы тергеу жүргізіп жатыр. Еуроодақтың цифрлық қызметтер туралы Заңына сәйкес, X компаниясы жалған ақпарат таратқаны үшін жылдық кірістің 6%-на дейін айыппұл төлеуі мүмкін немесе тіптен жабылып қалуы да ықтимал. Илон Масктың X/Twitter компаниясы – Еуроодақтың тергеуіне тап болған алғашқы әлеуметтік желі.