Телерадио хабарларын тарату желілерінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі
Сенбі күні республика бойынша телеарналар мен радиостанциялардың жұмысы тоқтатылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2023 жылғы 23 желтоқсанда сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін (Астана қ.уақыты бойынша) «Қазмедиа орталығының» хабар тарату өзегін жаңғыртудың кезекті кезеңін аяқтау шеңберінде барлық технологиялық кешеннің желілік жабдығын ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қазтелерадио» АҚ спутниктік, цифрлық және аналогтық эфирлік желілерінің техникалық құралдарында сервистерді өшіре отырып профилактикалық жұмыс жүргізетін болады», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты, көрсетілген уақыт кезеңінде эфирлік, кабельдік және спутниктік телерадио хабарларын тарату желілерінде теле-, радиоарналарды тарату тоқтайтыны туралы хабарланды.
Министрлік өкілдері уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрайды.