Дональд Трамптың сайлауға түсуіне тыйым салу туралы сот шешімі шықты

Автор: Еркежан Айтказина

Сот шешімі тек Колорадодағы республикалық сайлауға қатысты болып отыр

Alex Brandon / AP

Колорадо Жоғарғы соты АҚШ Конституциясындағы «бүлікке немесе көтеріліске» қатысы бар шенеуніктің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салатын тармаққа сілтеме жасап, бұрынғы президент Дональд Трампты 2024 жылғы президенттік билеттен алып тастау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Соттың мұндай шешім шығаруы Дональд Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтардағы оқиғаға қатысы болуымен байланыстырылып отыр. Оның жақтастары Джо Байденнің президенттік сайлау нәтижелеріне қарсылық білдіру үшін Капитолий төбесіндегі Конгреске басып кірген болатын.

Бұл шешім Трампты Конституцияға өте сирек қолданылатын 14-ші түзетуге сәйкес АҚШ тарихында Ақ үйді иемденуге құқығы жоқ деп танылған алғашқы президент ретінде көрсетті.

Шешімнің күшіне енуі АҚШ Жоғарғы сотына апелляциялық шағымды қарауға мүмкіндік беру үшін 2024 жылдың 4 қаңтарына дейін тоқтатылды.

Трамптың адвокаты Капитолийдегі тәртіпсіздікті көтеріліс деп бағалау үшін дәлелдердің жеткілікті емес екенін алға тартса, Трамптың жақтаушылары сот үкімі демократиялық шешімге жатпайтынын және АҚШ Жоғарғы сотына шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Айта кетерлігі, сот шешімі тек Колорадодағы 5 наурыздағы Республикалық сайлауға қатысты, одан тыс штаттарға қолданылмайды. Бірақ бұл шешім Трамптың 5 қарашадағы жалпы сайлаудағы беделіне әсер етуі мүмкін.