Барда төбелескен: Ақтауда адам өлтірді деген күдікке ілінген экс-прокурор қамауға алынды

Azattyq Rýhy

Төбелес кезінде жарақат алған ер адам 15 желтоқсанда көз жұмды

Барда төбелескен: Ақтауда адам өлтірді деген күдікке ілінген экс-прокурор қамауға алынды
Фото: siteonline.kz

Ақтауда экс-прокурор төбелесіп, адам өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, 10 желтоқсанда Ақтаудағы барлардың бірінде төбелес болған. Төбелес кезінде жарақат алған ер адам 15 желтоқсанда көз жұмды. Бұрын прокуратурада жұмыс істеген күдікті қамауға алынды.

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі, «Жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша айып тағылды.

Сот санкциясымен құзырлы ведомствоның бұрынғы қызметкері қамауға алынған. 

«Күдікті соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды. Тергеу барысы бақылауға алынды», - деп хабарлайды қадағалаушы орган.

Айта кетсек, екі апта бұрын Ақтауда жергілікті полиция қызметінің бастығы және құқық қорғау органдарының тағы бір қызметкері ұсталған болатын. 26-27 қарашаға қараған түні ойын-сауық орындарының бірінде төбелес болған. 

Маңғыстау облысының полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынғанын, сондай-ақ екі қызметкер жұмыстан шығарылғанын растап, күдіктілердің аты-жөні мен лауазымдарын атаудан бас тартқан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.