Тауар салмағы 13 тоннаны құрайды
Біріккен Араб Әмірліктері билігінің шешімі бойынша Қазақстанға гуманитарлық көмек партиясы келіп жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.
«Біздің елдеріміз арасындағы дәстүрлі жылы және достық қарым-қатынастардың, сондай-ақ коронавируспен күрес жөніндегі бірлескен күш-жігердің арқасында БАӘ-ден бортында жалпы салмағы 13 тоннаны құрайтын толық медициналық қорғаныс құралдары, жартылай медициналық қорғаныс құралдары, бір реттік қолғаптар, медициналық маскалар, бахилалар, антисептиктер және т.б. медициналық құралдар бар ұшақ келіп қонды» - делінген хабарламада.
Белгілі болатындай, өзара қол ұшын беру аясында Қазақстанға бұған дейін де АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және Израиль секілді елдерден түрлі көмек жіберілген болатын.
Гуманитарлық көмек – бұл серіктестерге өзара қолдау көрсетудің жалпы қабылданған халықаралық тәжірибесі.
Тез тарайтын эпидемиологиялық дағдарыс жағдайында әлемнің барлық мемлекеттері әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне және географиялық алшақтығына қарамастан, түрлі көмек алу үшін өзара жүгінеді.