Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Атырауда кешке көшеде жүруге тыйым салынады

6 сәуірден бастап тиісті қаулы күшіне енді

Ағымдағы жылдың 6 сәуір күні Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 29 наурыздағы «Атырау облысы аумағында қосымша шектеу іс-шараларын енгізу туралы»  қаулысына  өзгерістер енгізілді.

«Атап айтқанда,  тамақ өнімдерін, мал шаруашылығы өнімдерін, дәрі-дәрмектер,  медициналық құралдар, құрылыс материалдары, жанар-жағар май материалдары және тұрғындардың өмірі мен өндірістік қажеттіліктерге қажетті басқа да материалдарды тасымалдайтын  жүк көліктерінің Атырауға кіруіне және шығуына рұқсат етіледі», - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстар мен аудандар арасында ресми және бейресми жеке тасымалдаушылармен   жолаушылар тасымалына, сондай-ақ,  Атырау қаласында ресми емес  жеке тасымалдаушылармен жолаушылар тасымалына тыйым салынады.
Сағат 21:00-ден  06:00-ге дейін  облыс және қала әкімдіктері, құқық қорғау органдары, жедел және шұғыл медициналық көмек, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өрт сөндіру, авариялық-құтқару және төтенше жағдайлар қызметкерлерін қоспағанда,  Атырау қаласында азаматтар мен көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынады.  Дегенмен,  стратегиялық өндіріс объектілеріне, байланыс құралдарын қамтамасыз ететін  - телекоммуникация жұмысшыларына (ресми мәліметі көрсетілген анықтама және жұмыс орнынан анықтама ұсынған кезде) рұқсат етілмеген адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз жүруге рұқсат етіледі.

«Сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарлар, азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай бекеттеріндегі сауда нүктелері, дәріханалар және қажетті тауарларды сату  жұмысы  сағат 20:00-ден 9:00-ге дейін тоқтатылады.

Екінші деңгейлі банк  филиалдарының, пошта байланысы мен  жеке нотариустардың жұмыс уақыты 09:00-ден 17:00-ге дейін. Кезек күту кезінде  адамдар шоғырланбас үшін дезинфекциялық іс-шараларды жүргізумен  және төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған өзге де санитарлық талаптарды сақтай  отырып, 3 адамға дейінгі әлеуметтік қашықтық (кемінде 2 метр) қадағаланады.  Үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта, оның ішінде банкоматтар, кассалар мен сауда нүктелерінің жанында ұйымдастырылмаған кезектердің болуына жол берілмеуі тиіс», -  делінген хабарламада.

Карантин кезеңі мен төтенше жағдай кезінде  салтанатты отбасылық іс-шараларды  (3 адамнан  астам қонақ жиналуы мүмкін туған күн, үйлену тойы және т.б. жиындар ) өткізуге тыйым салынады.

Айналма жолдар арқылы өту  мен Атырау қаласына рұқсатсыз кіру және шығу фактілерінің алдын алу мақсатында полиция департаментіне ҚР Ұлттық гвардиясының  5546 әскери бөлімімен бірлесіп автомобиль жолдары мен блок-посттарды күзету үшін  мобильді топтар құру тапсырылды.

Сонымен қатар, Атырау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысына соттың үкімі заңды күшіне енген тергеу изоляторына жақын орналасқан қылмыстық атқару орындарына конвойлар жіберу тапсырылды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын да қамтамасыз етуі тиіс.

Бұл қаулы Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мейіржан Есімбаев қол қойған күннен бастап күшіне енеді.