Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Павлодар облысының прокуратурасы Цифрлық технологиялар басқармасындағы бюджет қаражатының жұмсалуын тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, басқармадағы ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі бойынша нақты көрсетілмеген қызметтер үшін актілерге қол қою кезінде қаржы ысырап ету фактісі анықталды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде өнім беруші ақпараттық жүйелердің бірінің жарамдылығын қамтамасыз етуге міндеттенді. Алайда белгілі болғандай, 2022 жылдың желтоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін жүйе жұмыс істемеген, бұл ретте тапсырыс беруші 95 млн теңге сомасында бюджет қаражатын төлеген», - делінген прокуратура хабарламасында.
Биылғы 30 қарашасында Павлодар облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде мүлікті ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.