Өңір басшысы шаруаларға қомақты қаржылай қолдау көрсетілді
Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы секторына мемлекеттен 14,5 млрд теңге қаражат қарастырылды. Бұл ақша есебінен мал және өсімдік шаруашылықтарына айтарлықтай қолдау көрсетілді. Осылай деген өңір басшысы Асхат Шахаров Орталы коммуникациялар алаңында өткен бифингте саланың дамуы жайында баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биыл күн райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы саласында бірқатар қиындық туындағаны белгілі. Сол себепті шаруалардың мал азығы шығындарын өтеуге жергілікті бюджеттен қосымша 2,9 млрд теңге қарастырылды. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2023-жылдың 10 айында 397 млрд теңгеге өнім өндірілді.
«Мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың орташа есеппен 108% өсімі сақталды. Өсімдік шаруашылығына қатысты айтсақ, 747 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 429 мың тонна дәнді-дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты19 мың гектар егін жиналмай қалды», – деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Машина-трактор паркін жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ҚазАгроҚаржы арқылы 9,3 млрд теңгеге 910 бауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, машина-трактор паркі жаңартылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 350 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, айналымға түсті. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2026 жылға дейінгі бірлескен инвестициялық Жол картасына сәйкес, 502 млрд теңгеге 93 жоба жүзеге асырылады.
«Оның ішінде, алдағы екі жылда қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған облысқа аса маңызды сүт тауарлар фермалары, құс фабрика және көкөністердің сақталу мерзімі мен көлемдерін ұлғайтуға бағытталған сақтау қоймалар бар», – деді А.Шахаров.
Айта кетерлігі, жергілікті фермерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасын да тиімді пайдаланып отыр. Бұл жоба шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсетуге бағытталған. Осы бағдарлама аясында 2023-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 19 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінде құны 7,3 млрд теңгеге тең 1620 жоба мақұлданды.
Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті артады
Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 804 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2%-ды құрады. Жыл соңына бұл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Өңір әкімі Асхат Шахаров инвестиция тартып, аймақтағы өнеркәсіп саласын жетілдіру жайына да тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе өңірінде инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірқатар маңызды және ірі инвестициялық жоба іске қосылды.
«Атап айтқанда, өңірдің экологиясын жақсартатын ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шламдарды қайта өңдеу фабрикасы, қажетті мұнай жабдықтарымен ішкі нарықты қамтитын мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты, мал азығы құрама жем сияқты өнім шығарып, Ақтөбе ғана емес, Батыс Қазақстан өңірлерін де қамти алатын Ново-Альджан комбинатының жаңа цехы іске қосылды», - деді спикер.
Бұдан бөлек, ERG, СНПС-Ақтөбемұнайгаз және Ақтөбе мыс компаниялары 200 млрд теңгеден астам қаражатқа кәсіпорындарында жаңғырту және кеңейту жұмыстарын жүргізді. Ол келер жылы жалғасын табады. Алдағы 4 жылда 4,1 трлн теңгеге 51 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.
«Оның ішінде Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ERG компаниясының жел электр станциясы, қой жүнінен жылуды сақтайтын құрылыс материалдарын шығаратын бірегей зауыт, облыстың цемент материалына деген қажеттілігін толығымен жабатын 1 млн тонна өнім шығаратын «QazCement Industries» зауыты, электроника өндірісінің негізін құрайтын никель-кобальт кендерін өңдеу зауыттары, металлургия саласында «AltynEx Company» алтын өңдеу фабрикасы», – деді А.Шахаров.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Ақтөбе әуежайында мультимодальды орталық құру тапсырмасына сәйкес, Көлік министрлігімен бірлесіп, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, Президент өткен аптада өңірге жұмыс сапарымен болып, жергілікті инвестициялық әлеуетті арттыруды тапсырды. Осы барлық қажетті шара қолға алынбақ.
Ақтөбе үлескерлерінің мәселесі шешіліп жатыр – облыс әкімі
Ақтөбе қаласындағы 540 үлескер 11 тұрғын үйге сомасы 3,5 млрд теңге қаражатын құйған. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Бұл жайында өңір басшысы мәлім етті.
Қазіргі таңда 11 проблемалық нысан басшылырына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Оның ішінде 6 тұрғын үй бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 5 нысан бойынша істер сотқа жолданды. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіліп жатыр.
«Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы» бекітіліп, тиісті шаралар қолға алынды. Сонымен бірге, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе қаласы әкімдігі жанынан «Ақтөбе құрылыс компаниясы» атты уәкілетті ұйым ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп хабарлады спикер.
Өткен 10 айда қаржыландыру көздері есебінен 818 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді. Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті рекордтық 1,3 млн шаршы метрге дейін жеткізу жоспарда бар. Бюджеттік қаражат арқасында биыл әлеуметтік тұрғын үй құрылысы арқылы 974 пәтер пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар үшін 360 дайын пәтер сатып алынды.