Көлік инфрақұрылымы, кәсіпкерлік және инвестиция: Шымкент әкімі қаланың дамуы туралы айтты

Автор: Мира Байбек

Ғабит Сыздықбеков шаһардың алдағы дамуына қатысты жоспарларын жеткізді

Фото: ortcom.kz

Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамытуда айналма жолды шеңберлеу және магистралды жолдардың өткізу қабілетін арттыру маңызды болып тұр. Осы орайда бірқатар ірі жобалар іске асып жатыр. Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы бағыттағы жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәселен, Ташкент- Алматы-Түркістан бағыттарын қала орталығымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 232 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, 10 айда 210 шақырым  жол пайдалануға берілді. Нәтижесінде, сапалы жолдардың үлесі 71%-ға жеткен. 

«Дегенмен бұл салада өзекті мәселе бар. Мәселен шет аумақтарда 1 мыңнан аса шақырым жол асфальтталмаған. Биылдан бастап топырақ жолға заманауи технологияларды қолданып, ресайклинг тәсілімен жол жабыны төселуде. Бұл тәсіл оң нәтижесін берді. Өзекті мәселені ескеріп, келер жылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы көлемін едәуір ұлғайтып, көзделген бюджетті 10 есеге көтеріп отырмыз», – деді Ғ.Сыздықбеков.  

Осының есебінен ұзақ жылдан бері келе жатқан топырақ жолдар мәселесі шешімін табатын болады. Одан бөлек, қаладағы көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 150 қиылыстағы бағдаршамдар заманауи интеллектуалды жүйеге қосылады.

Кәсіпкерлерді қолдау шаралары сәтті жүзеге асып жатыр

Ғабит Сыздықбеков тің айтуынша, бүгінгі таңда Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны қарқынды өсіп жатыр. Себебі, бизнеске бағытталған қолдау шаралары жетерлік. Шымкентте кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50%-ға жетті.  

Қалада бизнесті қолдау шараларына сұраныс өте жоғары. Биылдың өзінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есептік кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетілді.

«Қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 2 есеге ұлғайып,131 мыңнан асты. Бұл бір жағынан азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30% -дан астамын жұмыспен қамтып отыр», - деді әкім.

Орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттің тұрақты стратегиясы. Ол экономиканың және еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы әрдайым шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойып келеді. Президент бірқатар тапсырма жүктеп, нәтижелі бағдарламаларды бекітті. Соның аясында атқарылған кешенді шаралардың арқасында осындай нәтижелерге қол жеткізілді деді өңір әкімі.

Шымкентке құйылған инвестиция көлемі 22%-ға артты  

Шымкентке инвестиция тартып, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту негізгі міндеттің бірі болып табылады. Осы ретте соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылып, көлемі 3 есеге артқан. Енді меже Шымкент қаласына алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 6 трлн теңгеге жеткізу көзделген.

«Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында - 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге - 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға - 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына - 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр», - деді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков. 

Аталған жобалардың нәтижесінде 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қала басшылығының алға қойған басты мақсаты - инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қала экономикасын әртараптандыру. Қазіргі таңда бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тығыз жұмыс жүріп жатыр.

Биылғы 10 айда аймаққа тартылған қаражат көлемі 22%-ға өсті. Алдағы 5 жылда аймақтың инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру көзделген.

Индустриялық аймақтардан Шымкент шаһарының бюджетіне 59 млрд теңге салық түсті

Ғабит Сыздықбеков  қазіргі таңда Шымкентте 5 өндірістік аймақ орналасқан. Мұнда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылғанын жеткізді. Бүгінде индустриялық аймақтар өзінің экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр. Қазынаға түскен салықтық түсімдер 59 млрд теңгені құрады.     

Қазір индустриялық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында ревизия жүріп жатыр. Басты мақсат – индустриялық аймақтарды жандандырып, өнім көлемін арттыру. Тексерістер нәтижесінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анықталды. Бұл жерлерге жаңа инвесторлар тартылатын болады. 

«Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар жерді құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келер жылы  қолданысқа берілетін болады», – деді өңір басшысы.

Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары да басталды. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы да салықтық түсімдерін арттыру көзделуде. Қалада дамып келе жатқан өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика бар. Биылдың өзінде 14 жобаны іске асыру жоспарланған.  

«Есепті кезеңде жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 373 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде келесі ірі жобалар бар:  «Shymkent Temir»  болат - блюм өндіретін кәсіпорнының өндірістік қуаттылығын арттыру жоспарда бар. Құны – 5,0 млрд теңге, жылына қосымша  250 мың тонна өнім береді. 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. «NURTAU distribution company» кәсіпорны азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, антисептиктер, сондай-ақ, сұйық және қатты сабын шығарумен айналысады. Құны – 5,0 млрд теңге. Қуаттылығы - 16 мың тонна, 40 жаңа жұмыс орны ашылды», – деді спикер.