Бүгінде мегаполисте барлығы 116 адамның ауру жұқтырғаны белгілі
Алматыда коронавирус жұқтырған тағы екі адам ауруынан жазылып, үйіне қайтарылды деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Олар енді тағы бірнеше күн үй карантинінде бақылауда болады.
Қазіргі таңда «оңтүстік астанада» COVID-19 вирусын жұқтырған 96 адам ауруханада жатып емделуде. Олардың бірі Алматы облысының тұрғыны.
Дәрігерлердің айтуынша, 79 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ересек екі адам аса ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екі адамның жағдайы ауыр болса, 13 науқастың халін дәрігерлер орташа ауыр деп бағалады.
«Бүгін коронавирус инфекциясынан сауығып кеткен тағы екі адам үйіне жіберілді. Олардың 1197 және 1998 жылғы қыздар. Бірі 15 наурызда Стамбұл-Алматы рейсімен ұшып келген, екіншісі сол қызбен байланыста болған», - делінген басқарма өкілдері таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда Алматыда аурудан айыққан 21 адам үйіне жіберілген, олардың екеуі кішкентай бала. Барлығы да қазір 14 күндік карантинде жатыр.