Алматыда іздеуде жүрген 38 қылмыскер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

10 күнде 316 қылмыс ашылған

polisia.kz

Алматыда  іздеуде жүрген 38 қылмыскер құрықталды. Олардың барлығы «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында қолға түскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының 10 күнінде «ізін суытпай” 316 қылмыстың, сондай-ақ бұрын жасалған 144 қылмыстың беті ашылды.

«Іс-шара кезеңінде құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын күшейтуге, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтауға, бұзақылық, мүліктік залал, ұсақ бұзақылық, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық деректерінің алдын алу, анықтау және жолын кесуге баса назар аударылды», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Диас Дуанбеков.

Іс-шара басталғалы полиция бөлімшелері заңсыз айналымнан 10 атыс қаруы мен 4 суық қаруды тәркіледі. 14716 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, жолы кесілді, оның 210-ы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласына қатысты болған.

«Сондай-ақ 2 мыңға жуық қоғамдық орындарды ластау, 500-ден астам тыныштықты бұзу, 1,5 мыңнан астам қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу, 900-ге жуық қоғамдық орында темекі шегу деректерінің жолы кесілді», - делінген хабарламада.