Иракта депутаттың отбасына шабуыл жасалып, 10 адам қаза тапты
Шабуылдан сондай-ақ 14 адам жараланған

Ирактың шығысындағы Дияла провинциясында жергілікті депутаттың туыстарына жасалған шабуылдан кемінде 10 адам қаза тауып, 14 адам жараланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл туралы елдің құқық қорғау органдарындағы екі дереккөз хабарлаған.
Олардың айтуынша, шабуыл Дияла провинциясындағы Умрания ауылының маңында болған.
«Белгісіз біреулер жол жиегіне екі бомба қою арқылы жергілікті депутаттың туыстарына шабуыл жасап, артынша оқ жаудырған. Оқиға болған жерде коменданттық сағат енгізілді», - деп хабарлайды агенттік.
Қауіпсіздік күштері шабуылдың ықтимал себептерін нақтыламады.
Сонымен бірге Ирактың Alsumaria телеарнасы Умранияда «снайперлік қару қолданылған лаңкестік шабуыл» болғанын хабарлады. Оның мәліметінше, шабуыл салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бес адам жараланған.