Өңір басшысы аудан тұрғындарымен кездесті
Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуына мән берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өңір басшысының алдымен Көпжасар ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылған «Сәдір» АШӨК жұмысымен танысты. Аталған нысанның иесі Ербол Мусиннің айтуынша, олар 2,5 пайыздық несиемен 21 млн 500 мың теңге қаржы алып, ет өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Шағын шұжық цехы сиыр мен жылқы етінен шұжық, жартылай дайындалған ет өнімдерін дайындап, тұрғындарға ұсынуда. Алдағы уақытта жаңа мамандарды жұмысқа қабылдап, нан пісіріп, сатуды жоспарлауда. Жаңақала ауданы бойынша ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасына 83 жоба қатысқан. Соның 44-і қабылданып, 239,5 млн. теңгеге 38 жобаның қаражаты берілген. 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 558,9 млн. теңгеге 89 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Өңірге сапарында Нариман Төреғалиұлы Көпжасар ауылдық дәрігерлік амбулаториясына бет алды. Аталмыш медициналық нысан 1989 жылы салынған. Мұнда 1497 тұрғын тіркеулі тұр. Емханада 10-нан астам маман тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ғимарат 2019 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа құрылғылар сатып алынды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Ақтөбе қаласынан отбасыммен жұмыс істеуге келдім. Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 7 жыл болды», – деді амбулатория басшысы Әйгерім Қожахметова.
Емхана жұмысымен толық танысып шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Әйгерім Еркінқызына су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы бұдан соң Жаңақазан ауылына бет бұрды. Алдымен ауылдан 10 шақырымдық қашықтықта орналасқан 51809 әскери бөліміне барып, бақылау-бағдарлау құрылғыларының, радио-техникалық батальонның жұмыстарымен танысты. 51809 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Есболат Жұмабаев қазіргі таңда бұл жерде 30 шақты сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін жеткізіп, Жаңақазан ауылына қатынау үшін автокөлік қажетін алға тартты. Ауданның медицина саласында оңды өзгерістер көп. Биыл Қызылоба ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы, Пятимар ауылының дәрігерлік-амбулаториясының, Айтпай Жангелді елді мекендерінің медициналық пункттерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға берілген. Қараша айының соңында Плантация елді мекенінің медициналық пунктінің күрделі жөндеу жұмысы аяқталатын болады. Мастексай ауылында дәрігерлік-амбулатория құрылысы 2024 жылы пайдалануға беріледі.
БҚО әкімінің жұртшылықпен жүздесуі Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Кездесуде Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Алпамыс Жаңабайұлының мәлімдеуінше, аудан бойынша 518 шаруа қожалығы бар. Соның 93 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малының үлесі – 18,1 пайыз (15441 бас), қой – 7,1 пайыз (12 607 бас), жылқы - 5 пайыз (1946 бас).
Биыл аудан шаруа қожалықтарына – 918 млн субсидия төленген.
2023 жылы аудан бойынша – 25 бірлік трактор, 60 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алыныпты.
Ауданның кейбір ауылдық округтерінде жеке аулаларда мал басының өсуіне байланысты 334 659 га жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі байқалады. Мал басының артуына байланысты 2022 жылы 6 ауылдық округінің 10 елді мекеніне жер-шаруашылық орналастыру жобасы жасақталып, 35 267 га жер учаскелері елді мекен жерлеріне енгізілген.
Қазір аудан бойынша – 115 заңды және 1773 ШОК субъектілер тіркеліп, оның 1776-ы жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан өз кәсібін ашып, дамытатын азаматтар үшін үлкен қолдау зор.
БҚО әкімі өңірге сапарында күре жолдың күрмеулі мәселелерін де қаперге алды. Жаңақалада облыстық маңызы бар 172 шақырым, аудандық маңызы бар – 170,1 шақырым жол бар. Сайқын автомобиль жолы – 172 шақырымды құрайды. Асфальтталғаны – 89 шақырым. Аталған жолдың 130-191 шақырымдары реконструкциялаудан өткізілуде. Жоба құны – 13 млрд. теңгені құрайтын құрылыстың мердігері – «Uniserv» ЖШС. Елімізде қабылданған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қызылоба, Қырқопа, Пятимар, Көпжасар ауылдарының 30 шақырым кірме жолы орташа жөндеуден өткізілген. Бөлінген қаржы – 1,943 млрд теңге.
Аудандағы нысандардың жұмысымен, тұрғындардың тұрмысымен танысқан облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы әр сала бойынша жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктерге жан-жақты тоқталып, осы салалар бойынша ауданның көрсеткіштерін айтып өтті. Жиын соңында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берілді.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА