$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Талдықорғанда мас күйде көлік басқарған жас қыз сотқа жүктілігі туралы жалған анықтама ұсынған

Оған  қатысты қылмыстық тергеу басталды

Талдықорғанда мас күйде көлік басқарған жас қыз сотқа жүктілігі туралы жалған анықтама ұсынған
Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Жақында көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Талдықорған қаласының 24 жастағы тұрғыны сотқа жүктілігі туралы жалған медициналық анықтаманы ұсынды. Осылайша, бойжеткен әкімшілік құқық бұзушылық үшін Қазақстан заңнамасында көзделген жазадан құтылмақшы болған. Жалған құжатты пайдалану арқылы сотты алдау фактісі прокурорлық тексеріс барысында анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, жақында патрульдік полиция қызметкерлері қатты мас күйінде Haval көлігін басқарған 24 жастағы қызды ұстаған. Медициналық сараптама қыздың мас болғанын растады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Бұл баптың санкциясында 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылған. Алайда сотта ол қамауға алу түріндегі жазадан құтылу мақсатында жүктілігін растайтын медициналық анықтаманы ұсынды.

Әкімшілік жазадан жалтару әрекеті қыздың жағдайын одан әрі қиындатып жіберді, енді ол қылмыстық заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, ол бап бойынша аса ірі көлемдегі айыппұл салу, түзеу жұмыстарына не қоғамдық жұмысқа тарту, немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары