$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанға 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға қарсы вакцина жеткізілді

Елімізде қызылшамен сырқаттанушылық дерегі артты

Қазақстанға 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға қарсы вакцина жеткізілді
Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Алматыға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партиясы келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл ден қою шаралары қабылданды. Халықтың арасында қызылша инфекциясымен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер егу мәртебесіне қарамастан балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жөніндегі қаулыға қол қойды. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау үшін вакцинаның қосымша көлемін сатып алуды пысықтады.

«Жалпы, қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін ҚҚП-ға қарсы вакцинаның 1,5 млн-нан астам дозасы сатып алынды. Келген вакцина жедел тәртіпте ҚР ДСМ СЭБК-нің бөлуіне  сәйкес ел өңірлеріне жіберілетін болады. Бірыңғай дистрибьютор иммунобиологиялық препараттардың логистикасын барлық GMP және GDP стандарттарын, сондай-ақ «суықтық тізбегіні»сақтай отырып жүзеге асырады», - делінген хабарламада.

Вакцинациялау үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаны өндіруде өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДҰ алдын ала біліктілігі бар. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін ұсынылады.

«Биыл елімізде, әлемнің көптеген елдеріндегідей, қызылшамен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Қызылша – инфекцияның таралуы ауа тамшылары арқылы болатын жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін», - деп ескертеді мамандар.

Денсаулық сақтау министрлігі ел халқының арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында биылғы 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды бастады.

«Бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарлануда», - дейді мамандар.

Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес біздің елде жоспарлы түрде екі рет егілетінін: бала алғашқы егуді 12-15 айлығында, екіншісін - 6 жасында алатынын естеріңізге сала кетейік.

Серіктес жаңалықтары