Ойын «Астана-Арена» стадионында кешкі сағат 21:00-де басталады
«Бізге керегі тек жеңіс». Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев ертеңгі ойынға қатысты пікірімен бөлісті. Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Команда көшбасшылары Асхат Тағыберген мен Бахтиер Зайнутдинов жарақатқа байланысты ойынға қатыса алмайды. Алайда олар командамен бірге болып, алдағы матчтарда әріптестеріне қолдау көрсетпек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Ұлттық құрама жаттығу жұмыстарын ойдағыдай өткізіп жатыр. Бас бапкердің сөзінше, жарақат пен ескерту қағаздарына байланысты негізгі құрамда өзгеріс болуы мүмкін.
Жалпы Қазақстан іріктеу турнирінің 8 ойынынан кейін 15 ұпай еншілеп, өз тобында үшінші орында келеді. Ертеңгі матчтан кейін жерлестеріміз 21 қараша күні Словения құрамасына қонаққа барады. Екі ойында жеңіске жетсе, ұлттық құрама Еуро-2024 додасына өтуі бек мүмкін.
«Менің көзқарасым бәріне белгілі. Бізде нақты бір көшбасшы жоқ. Бізде тұтас ұжым көшбасшы. Мен - командалық бапкермін. Ешқандай Адиевтің феномені жоқ. Қазақстан командасының феномені бар. Біз жұдырықтай жұмыла білсек, мықтымыз. Құрамада өзгерістер бар. Оны ертең алаңнан көресіздер», - деді футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.
Ойын бүгін «Астана-Арена» стадионында кешкі сағат 21:00-де басталады.