$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жеке құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға тыйым салынады

Сенат заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстанда жеке құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға тыйым салынады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Осыған қатысты баяндама жасаған сенатор Бибігүл Жексенбай аталған заң ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеу үшін әзірленгенін атап өтті.

«Құжат бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстерге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген. Заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтіп, құқықтық базасын қалыптастырады. Сондай-ақ, заңда операторлар дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы уәкілетті органға бір жұмыс күнінен кешікпей хабарлауы міндеттелген. Ал, ақпараттық жүйелердің осал тұстары мен кемшіліктерін дер кезінде анықтап, ұдайы жетілдіру мақсатында ақпараттық жүйелерді зерттеуші үздік мамандарды тарту да заңға енгізіліп отыр», – деді Сенат депутаты.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық құрылып, «электронды үкіметтің» бірыңғай репозиторийі нақтыланып, онда бағдарламалық өнімдердің бастапқы кодтары сақталады.

Бұған қоса, мемлекеттік мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шетелден көшіп келушілерден жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін тапсыру міндеттеледі.

Осылайша, дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) мәліметтер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы беріледі.

«Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі белгіленіп отыр. Заңның тұжырымдамасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертулері мен ұсыныстары болған жоқ», – деп қосты Бибігүл Жексенбай.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу да көзделген.

Серіктес жаңалықтары