«Кітап-AMANAT» жобасы Шымкент қаласында жалғасты
Жыл соңына дейін қолжетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісі жолға қойылады
Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, қалалық филиал Төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық филиал Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, жазушы, публицист Момбек Әбдіәкім және өңірдің зиялы қауым өкілдері, фракция мүшелері мен оқырмандардың қатысуымен «Кітап-AMANAT» орталығының ашылуы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Адал азамат» тұжырымдамасының мән-мағынасына терең тоқталды. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамаларына демеу болып, өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді бастап кетті.
Партия мен «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, нақты жоспарлар бекітілді. Енді барлық облыс пен қалалардағы, тіпті аудан орталықтарындағы «AMANAT» партиясы филиалының жанынан жыл соңына дейін қолжетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісі жолға қойылады.
Шымкентте өткен іс-шарада қоғам қайраткері, қаланың құрметті азаматы Еркін Сатқанбаев партиялық жобаға қолдау білдіріп, өскелең ұрпақты кітап оқуға шақырады.
«Кітап – рухани азық. Рухы мықты адам, рухани көкжиегі кең ұлт қана ұлы мақсаттар жолында ешкімге есесін жібермейді. Біз осы тұрғыда кітап шығару ісін, оны тарату жолдарын, халық арасында кітап оқу мәдениетін арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіміз қажет. Халқымызда «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Сондықтан кітапты қалқан, қару еткендер ғана рухани азат бола алады», - деді Е. Сатқанбаев.
Жиналған зиялым қауым өкілдері «Кітап-AMANAT» жобасының мән-маңызына тоқталып, ризашылығын жеткізді.
«Қазіргі таңда еліміздің аудан орталықтарының бірде-бірінде кітап дүкендері жоқ деген сорақы мәлімет, тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде әбден күйреуге түскен кітап оқу мен кітап тарату ісінің деңгейінің нақты көрсеткіші болса керек. Осы келеңсіздіктен арылу жолында қайта қолға алынып отырған мұндай ауқымды да, игілікті іс-шараға өте қуанып отырмын. Бұл дегеніміз бір реттік қана өткізіліп қоятын науқандық іс-шара емес, халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет етеді деп сенемін», - деді Момбек Әбдіәкім.