Мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Кентаудың бұрынғы әкімі қайтадан түрмеге қамалды
Прокурордың талап-арызы қанағаттандырылды
Екі ай бұрын бостандыққа шыққан Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов қайтадан түрмеге қамалды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық сотының аппелияциялық инстанциясы Кентау қаласының бұрынғы әкіміне қатысты жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіліне ауыстыру туралы Қонаев қалалық сотының бұрын шығарған қаулысының күшін жойды.
«Прокурордың талап-арызы қанағаттандырылды. Сот үкімі орындау үшін Астана қаласының полиция департаментіне жіберілді. Бүгінгі таңда М. жазасын одан әрі өтеу үшін ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №64 мекемесіне жеткізілгендігін хабарлаймыз», - делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, 4 қарашада аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталған Кентаудың бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов 8 қыркүйекте колониядан мерзімінен бұрын босатылғаны хабарланған болатын. Бұрынғы шенеуніктің жазасы өзгертіліп, түрмеде болу мерзімі екі есеге азайған болатын.