Қазақ ертегілері алғаш рет армян тілінде жарық көрді

Azattyq Rýhy

Бұл кітаптың басылымы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және ғылыми білім беру ынтымақтастығын аңғартады

Қазақ ертегілері алғаш рет армян тілінде жарық көрді

Армения астанасында Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шаралар аясында алғаш рет армян тілінде жарық көрген Қазақ халық ертегілері жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдің бас жоғарғы оқу орны – Ереван мемлекеттік университетінде өткен іс-шараға әдебиет пен өнердің, ғылым мен білімнің белгілі қайраткерлері, ғылыми-академиялық, саяси, іскер топтардың, дипломатиялық корпустың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Президент Әкімшілігінің Сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Тигран Самвелян Армения Республикасы Президентінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, қазақ ертегілерін армян тілінде аудару және басып шығару дипломатиялық ортада ерекше және сирек кездесетін оқиға екеніне тоқталды. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру тұрғысынан атқарылған жұмыстың маңыздылығын ескере отырып, Президент Әкімшілігінің өкілі Қазақ ертегілерінің танымал кейіпкері Алдар-Көсе жақсылық пен әділеттіліктің көрінісі екенін, ал бұл жұмыстар балаларды ғана емес, жалпы Армения халқын да рухани тұрғыда байытатындығын айтты.

«Бүгін мықты іргетас қаланды, ұсынылған жинақ біздің балалар мен ересектердің үстелдерінде ондаған немесе ғасырлар бойы болатынына сенімдімін. Ертегілер шекараны білмейді», – деп атап өтті Т.Самвелян.

Армения Жазушылар одағының төрағасы Эдвард Милитонянның айтуынша, мәдени-гуманитарлық бағыттың дамуы тарихи байланыстарды сақтаудың және халықтарды одан әрі жақындастырудың негізгі факторы болып табылады.

«Ертегілерде ғасырлар тереңінен шыққан және халықтың бүкіл мәнін бейнелейтін адамдардың барлық эмоциялары, сезімдері, өмір салты бейнеленген. Бұл мені сюжеті біздің армян ертегілеріне ұқсас ертегілерді аудару процесінде жігерлендірді» – деп өз әсерімен әйгілі армян әдебиеттанушысы, ақын және аудармашы, шығармашылық топтың мүшесі Варужан Хастур бөлісті.

«Қазақ халқының бай рухани әлемі осы жинақта көрініс тапты. Нағыз және мифтік кейіпкерлер оқырманды үйлесімділік, достық пен махаббат бар және жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңетін керемет әлемге толықтай батыра алады. Бүгін біздің қажырлы және көптен күткен жұмысымыздың аяқталғанына өте қуаныштымыз», – деді Ереван мемлекеттік университетінің Түркология кафедрасының меңгерушісі, сонымен қатар жинақта жарияланған бірқатар ертегілер аудармасының авторы, профессор Александр Сафарян.

Ереван мемлекеттік университетінің ректоры Оганесс Оганнисян Қазақ халық ертегілерінің жинағы Қазақстан Елшілігінің армян әдебиеттанушыларымен ынтымақтастығының арқасында жарық көрген төртінші іргелі басылым екенін атап өтті. Ол бұл кітаптың басылымы екі ел мен халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуда ерекше рөл атқаратыны сөзсіз екендігін жеткізді.

Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев қазіргі уақытта белсенді дамып келе жатқан қазақтар мен армяндар арасындағы ғасырлар бойғы мәдени байланыстарды атап өтіп, шығармашылық топ пен армян жұртшылығына қазақ мәдениетіне шынайы қызығушылық танытып, екіжақты мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

 

Іс-шара барысында Арменияның Халық әртісі Майрануш Григорян, сондай-ақ, Аида Киракосян Мағжан Жұмабаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлының бұрын армян тіліне аударылған өлеңдерін оқыды.

Сонымен қатар, тұсаукесер қатысушыларына Қазақстан туралы фотокөрме көрсетілді

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.