AMANAT партиясының бастамасымен Алматы облысында 6 ауыл газға қосылды
Биыл өңірдегі 18 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр
Алматы облысында осыдан алты жыл бұрын тартылған газ құбыры іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2019 жылы «Алматы – Талдықорған» магистралды газ желісінен көгілдір отын тарту арқылы «Бақанас» автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, ауданға жоғары қысымды құбырлар жүргізілген. Станса құрылысы аяқталған уақытта газ тарату желілерінің болмауына байланысты көгілдір отынның берілмей қалған. Арада алты жыл өткен соң 16 320 тұрғыны бар 6 ауылда (Бақанас, Миялы, Бояулы, Ақдала, Бақбақты, Бірлік) газ беріле бастады. Бақанастың өзінде 52 шақырым газ құбыры жүргізілді. Ауылда 1300-ден аса үй болса, қазірдің өзінде оның 510-ы табиғи газға қосылды.
Шараға арнайы қатысқан өңір басшысының орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Аслан Кубентаев газ құбырының ашылу салтанатына қатысты.
«Облыста 384 елді мекеннің 294-і газдандыруға жатады, қазіргі уақытта 149 елді мекен газдандырылды, 1 миллионнан аса адам газға қол жеткізді. Газ тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылытуға ыңғайлы, аймақта шағын және орта бизнестің дамуына өзінің оң ықпалын тигізетіні анық», – деді Нұржан Құдайбергенов.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Жол картасына сай 2027 жылға дейін өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетпек.
«Ауданда жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді тұрғындармен бірге талқылап, ұсыныс-тілектерін жинағанбыз. Солардың бірі елді мекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Биыл Балқаш ауданында қараша айына дейін газ беріледі деп уәде берілген еді. Бүгін сол сәт туып, қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз. Табиғи газбен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта басқа да ауылдарға газ құбыры тартылып, облыстың газдандыру көрсеткіші 70% өседі», – деді Аслан Кубентаев.
Биыл өңірдегі 18 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 16 мың тұрғыны бар 6 ауылға газ құбыры тартылып, іске қосылды.
Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ