Президент Түркия Республикасын 100 жылдығымен құттықтады
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстың жалғасатынына сенім білдірді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркия Республикасының 100 жылдығына арналған қабылдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 жылдық мерейтоймен құттықтауын оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бауырлас түрік халқын еліңіздің тарихындағы айтулы оқиға — Түркия Республикасының 100 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тереңге жайылған асыл тарихынан, бай мәдени мұрасынан, халқының қайсарлығы мен даналығынан бастау алатын бүгінгі Анадолы қарқынды дамуға қол жеткізіп, жаһандық деңгейдегі көшбасшы әpi қуатты елдердің қатарына енгенін ерекше қуанышпен атап өтемін. Сіздің салиқалы да кереген саясатыңыз, қажырлы күш-жігеріңіз бен игі бастамаларыңыз еліңізді жаңа алтын ғасырға қадам бастап, биік мақсат-мұраттарға жетелей беруіне шынайы тілектеспін», – делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияның берік достық пен өзара қолдауға негізделген қарым-қатынастары ағайын халықтарымыздың игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында ғасырдан ғасырға жалғаса беретініне кәміл сенетінін айтқан.
Ерлан Қошанов Қарағанды облысындағы шахтадағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан халқына қолдау білдіріп жатқан Түркия басшылығына және дипломатиялық корпус өкілдеріне алғысын жеткізді.
Палата төрағасы елдеріміздің Парламент деңгейіндегі және ТүркПА сияқты халықаралық алаңдар аясындағы ынтымақтастығына тоқталды.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Түркияның 100 жылдық мерейтойына орай Астанада «Анадолы» көшесі, Шымкентте «Түркия» даңғылы мен саябағы, Алматыда Мұстафа Ататүрікке арналған ескерткіш ашылғалы жатқанын айтты. Ал 26 қазанда елордадағы «Ататүрік» саябағында Юнус Эмреге арналған еңселі ескерткіш ашылды.