Ұйым Дубайда кәсіп бастаған қазақ кәсіпкерлеріне қолдау көрсетпек
Біріккен Араб Әмірлігінде Қазақстаннан келген кәсіпкерлердің «KIT Dubai» бизнес-қауымдастығының тұсауы кесілді. Бұл туралы кәсіпкер, қауымдастық басшысы Жандар Садықов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұйым мақсаты – Дубайда кәсіп бастаған қазақ кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп, іскерлік орта қалыптастыру. Шараға қазақстандық кәсіпкерлер мен БАӘ-дегі ҚР елшілігінің өкілдері қатысты.
Жандар Садықовтың айтуынша, қазір Дубайда жұмыс істеуге Қазақстаннан барған кәсіпкерлер көп.
«Алайда жергілікті жердің бизнес заңдылықтарын, нарықтағы бәсекелестікті білмегендіктен немесе қолдау көрсететін ортасы болмағандықтан ісін жүргізе алмай елге қайтуға мәжбүр болатындар көп. Сол себепті, алдымен Әмірліктегі қазақ кәсіпкерлерін бір-бірімен жақын таныстырып, түрлі іс-шаралар, тренингтер ұйымдастыру арқылы бірлігін арттыруға, жаңа серіктестер табуға септесуге күш салғалы отырмыз. Дубайдағы кез келген кәсіпкер, отандастарымыз бізден көмек сұрай алады», - дейді ол.
Айта кетейік, «KIT» Бизнес қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі қазіргі уақытта Қазақстанның алты қаласында – Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Шымкентте жұмыс істейді. Шетелдегі бірінші филиалы Дубайда ашылып отыр. Қауымдастық 2020 жылы Атамекен кәсіпкерлік палатасының аккредитациясынан өткен.