Балалармен бірге жүруі тиіс тәрбиеші көлікте болмаған
Түркістандағы «Бөбек» балабақшасының тәрбиленушісін қаққан жүргізуші шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
OTYRAR телеарнасының жазуынша, көлікте балабақша тәрибешісі де отыруы тиіс болғанымен, ол болмаған.
Түркістан облысының білім басқармасының хабарлауынша, балалар тасымалын ата-аналар өздері ұйымдастырған. Ал көлікті мектепке дейінгі ұйымның шаруашылық бөлімінің меңгерушісі жүргізген.
Сондай-ақ белгілі болғандай, балалармен бірге жүруі тиіс тәрбиеші көлікте болмаған.
«Қазіргі кезде «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші қамауға алынды. Көлік уақытша ұстау изоляторына қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», - деді ПД өкілдері.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 20 қазанда болған. Балабақшадағы балаларды үйлеріне жеткізіп жүрген жүргізуші бес жасар баланы қағып өлтірген. Жол апаты бейнебақылау камераларына түсіп қалған. 5 жасар бала көліктен түскен соң алдыңғы жағынан кесіп өтек болған сәтте, жүргізуші оны байқамаған қалпы жүріп кеткен, тек куәгерлердің айғайын естігенде ғана тоқтаған. Көлік дөңгелегі жаншып өткен балақай алған жарақатынан ауруханаға жеткенде көз жұмған.