Петропавл – Астана бағытындағы жол автобус және жүк көліктері үшін ақылы болады
Түскен қаражат осы трассаны күтіп ұстауға жұмсалады
Солтүстік Қазақстан облысында ақылы жол пайда болды. Енді Петропавл – Астана бағытында қатынайтын автобус және жүк көліктері, ақша төлейтін болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, аймақтағы алғашқы ақылы жолдың ұзындығы 132 шақырымнан асады. Онда шлаг-баум жүйесі қойылмайды. Тек үш аймаққа, арнайы бақылау камералары орнатылған. Яғни ақылды құрылғы көліктердің қозғалысын, жылдамдығын және маркасын бірден анықтайды.
«Бұл учаске екінші техникалық санаттағы жолға жатады. Түскен қаражат осы трассаны күтіп ұстауға жұмсалады. Орта есеппен қазір бұл аумақттан күніне 4-7,5 мыңға дейін техника қатынайды екен. Ең бастысы жеңіл көлік иелері ақы төлемейді. Олар үшін жол бұрынғыдай тегін болады», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ОФ басшысының орынбасары Қанат Өсербаев.