$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы»: Алматыда құтқарушылар күніне орай іс-шаралар өтті

Құтқарушыларды Мемлекет басшысы да құттықтаған еді

«Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы»: Алматыда құтқарушылар күніне орай іс-шаралар өтті

«AMANAT» партиясы құтқарушыларды құттықтап, мерекелік шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.

Адам жанын қауіптен арашалауда үнемі басын қатерге тігіп жүретін бұл мамандық иелері қашанда құрметке ие. Қауіпті салада қалтықсыз қызмет етіп келе жатқан қызметкерлерді бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта арнайы құттықтаған еді. Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне орай мерекелік шара қаланың әр ауданында өтіп жатыр. Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаның Жол картасы аясында салынған №19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы» тақырыбында мерекелік кездесу өтті.

 «Бұл іс-шараның №19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ұйымдастырылуының өзіндік себебі де бар. Біріншіден, бұл өрт сөндіру бөлімі партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында  2021-2022 жылдары құрылысы салынып, қолданысқа берілген ғимарат. Екіншіден, 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында өрт сөндіру бөлімінің құтқарушы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың күн-түнмен санаспайтын адал еңбектеріне Алғыс білдіре отырып, өскелең ұрпақтың санасына Отан қорғау бағытындағы батылдықты паш ету», – деді партия филиалының төрайымы Жарқын Алдамбергенова.

Жауапты мамандар бүгінгі салтанатты шараға қатысуға  келген 16 мектеп түлектеріне құтқарушы мамандығының қыр-сырын, мамандықты таңдау және меңгеру тұстарындағы жұмыс барысы мен тәртібін баяндап, кеңінен түсіндіріп берді.

«Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай дайын жүруіміз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Одан кейін жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдаймыз. Практика мен теорияны ұштастырып, үнемі өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтаймыз. Кешкі уақытта техникалық құрал саймандарды тексеріп отырамыз» – дейді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Ғалымхан Мұхамеджан.

Іс-шара соңында №19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне алғысхаттар табысталып, қатысушылар үшін танымдық экскурсия жүргізілді.

«Бұл күні ел тұрғындары адамдарды құтқару және отпен күресу үшін күн сайын өз өмірін қатерге тігетін өрт сөндірушілерге құрметін білдіреді. Өйткені бұл күн – азаматтарды қорғаудың бірінші қатарында тұрған батырларымызға ризашылық пен қолдау көрсету мүмкіндігі. Құтқарушыларды құттықтауға «AMANAT» партиясынан қалалық мәслихат депутаты Гүлжан Бекенова, партияның Алатау аудандық филиалының төрайымы Жарқын Алдамбергенова, партия филиалының Саяси Кеңесі мүшелері Қуаныш Омарбеков пен Нариман Даут қатысты. Іс-шараның мақсаты – мектеп түлектерінің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді оятып, мамандық таңдау кезінде де назардан тыс қалдырмау бағытына жол көрсету», - деді мерекелік шараны ұйымдастырушылар.

Серіктес жаңалықтары