Ұстаз – еліміздің дамуындағы басты темірқазық - Жұлдыз Сүлейменова

Azattyq Rýhy

Бүгінгі мәселелердің шешімі – елімізде азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйер «креативті өндірісті» дамытуға негіз болады

Ұстаз – еліміздің дамуындағы басты темірқазық - Жұлдыз Сүлейменова
Фото ашық дереккөзден

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Республикалық Педагогтар съезді өтті. Съезден кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова жиында айтылған маңызды мәселелерге қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың пікірінше, ұстаз – еліміздің интеллектуалды капиталының қалыптасып, дамуында басты темірқазық.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Республикалық Педагогтар съездінде білім саласының мемлекетіміздің одан әрі даму жолындағы рөліне кеңінен тоқталды. Білім және отандық педагогика саласындағы күрделі 7 мәселенің шешімін айтты. Бірінші. Ұстаздардың біліктілігін арттыру. Екінші. Балаларымыз заманға сай озық білім алуы керек. Үшінші. Мектептегі оқушылардың орын тапшылығын жою – ең маңызды міндет.  Төртінші. Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Бесінші. Тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Алтыншы. Білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды. Жетінші. Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Сонымен қатар, адамзатқа жат қатыгездік, масылдық, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық секілді қасиеттерді оқушы бойына бала күнінен дарыту керек», - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ, мәжілісмен Мемлекет басшысының соңғы кезде қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне берік ұстанымын білдіргеніне де тоқталды.

 «Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деп түйіндеді сөзін Президент.

Сөз соңында, депутат 2019 жылы Тамыз Кеңесінде Президентіміздің білім, ұстаз, мектеп саласының күрделі реформаларының жүзеге асырылуына негіз болған бастамалары көз алдымызда нәтижесін беріп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі мәселелердің шешімі – елімізде азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйер «креативті өндірісті» дамытуға негіз болады деп ойлаймын», - деп түйіндеді ойын Жұлдыз Сүлейменова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.