«Біз біргеміз»: «Nur Otan» партиясы 18 мыңдай отбасыға көмек көрсетті

Автор: Azattyq Rýhy

Оның ішінде жалғыз басты қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және басқаларына көмек көрсетілді

Фото: instagram.com/baibekbk

«Біз біргеміз» акциясының аясында «Nur Otan» партиясы 18 мыңдай отбасыға көмек көрсетті. Бұл туралы партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясының аясында Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына коронавируспен күрес кезінде қолдау көрсетуді жалғастыруда. Бүгінгі күні 18 мыңдай отбасыға, оның ішінде жалғыз басты қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және басқаларына көмек көрсетілді», - деп жазды Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, мұқтаж жандарға бірінші кезекте қажет тауарларды байланыссыз жеткізіп беруді тоқтатпау үшін елорда мен Алматыда волонтерлар биологиялық қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілген.

«Мұндай қорғаныс құралдары басқа қалалардағы волонтерларда да болуы тиіс», - деп атап өтті ол.