Қарағанды облысының соттарында ТЖ талаптарын орындамауға байланысты жүзден аса іс қаралды
Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов мәлімдеді

Екі апта ішінде Қарағанды облысының соттары төтенше жағдай талаптарын орындамауға байланысты 120-ға жуық әкімшілік іс қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов мәлімдеді. Оның айтуынша, кінәлі тұлғаларға айыппұл және қамау түріндегі санкциялар қабылданған.
«Екі апта ішінде төтенше жағдай талаптарын орындамауға байланысты 120-ға жуық әкімшілік іс қаралды. Субъектілер арасында шағын және орта бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтар бар. Кінәлілерге айыппұл және қамау түріндегі санкциялар қабылданды. Бекітілген барлық шектеулерді қатаң сақтауды сұраймын», - деді ол.
Нұрсерік Шәріпов барлық сот процесінің қатысушыларын цифрлық технологияларды пайдалана отырып сот талқылауына қашықтан қатысуға шақырды.
«Бүгінде облыс соттары істерді бейнеконференция байланысы арқылы онлайн режимде өткізуге толықтай дайын. Осыған байланысты сот ісін жүргізуге қатысушалырдан, сондай-ақ сотқа арыз, басқа да өтініштермен жүгінетіндерден өзіне және жақындарына инфекция жұқтырмау мақсатында соттарға барудан уақытша бас тартуды сұраймын. Соттар қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруда», - деді Нұрсерік Шәріпов.
Ол күрделі істерді кейінге қалдыру ұсынылғанын, ал процесті қашықтан өткізуге болатын өзге де істер бойынша соттар қашықтан жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Бұл шаралар ең алдымен қауіпсіздікті қамтамысыз етуге бағытталған. Соттарға жүгіну кезінде көптеген функциялар, оның ішінде онлайн татуласу режимі бар. Төтенше жағдай соттасатын емес, татуласатын уақыт екеніне назар аудару қажет деп санаймын», - деді ол.