Семейде Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер орталығы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына барды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімі Н.Ұранхаев Мәжіліс депутатымен жүздесу барысында аймақтағы түйткілдердің оң шешілуіне ықпал етуде  Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттері бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Б.Ізмұхамбетов өткен жылы Президент Жарлығымен үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары ашылғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, бұған дейін екі облыс орталығында – Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ғимараты ашылған. Мәжілісмен осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына жағдай жасап ардагерлерге ғимарат бөліп көмек көрсеткені үшін,  облыс әкімі Нұрлан Тельманұлына ризашылығын білдірді.

 Іс-сапар барысында  Б.Ізмұхамбетов ақын Абай, Шәкәрім, Мұхтар ескерткіштерінде болып, тарихи-мәдени орындарды аралады. Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысып Абай елінің ардагерлерімен жүздесті.

Ардагерлер орталығының ашылуында сөз сөйлеген Б.Ізмұхамбетов: «Алдымен сіздерді қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын. Бұл мекен – талай Алаш арыстарының ізі қалған  қастерлі өңір. Мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Президент биылғы Жолдауында «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деді. Елдік істерде аға буынға түсер жүк  салмақты. Ардагерлеріміз елдің тыныштығы, ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын тұрғындарға түсіндіруде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын сұраймын. Қазіргі ғаламтордың дамыған уақытында, түрлі теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек.  Жақында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы жалпы дебатта сөйлеген сөзі әлем назарында.  Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Президентіміз көтерген ұсыныстарымен өзінің мықты дипломат екенін әлем елдерінің алдында тағы бір дәлелдеді. Алдымызда ардагерлердің араласуын қажет ететін мәселелер көп. Қоғамда болып жатқан  өзгерістерді  елдің арасында түсіндіріп  жүруіміз керек», - деді.

Сөз соңында депутат ардагерлерді 1 қазан Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген біраз ардагерлерге «Ардагерлер ұйымының» «Құрметті ардагер» төсбелгісі мен «Құрмет грамоталарын» тапсырып, алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тіледі.