Оралда туристік экспедициялық жасақтардың республикалық слеті өтті

Azattyq Rýhy

Слетке 20 командадан 180 адам қатысты

Оралда туристік экспедициялық жасақтардың республикалық слеті өтті

Орал қаласында үш күнге созылған «Менің отаным - Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтардың республикалық слеті өткізілді. Дәстүрлі болған Слет Қазақстанның жас туристері арасындағы азаматтылық пен отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды туған өлкенің тарихи, мәдени және рухани мұрасына тартуға бағытталған. Слетке 20 командадан 180 адам қатысты, олар облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Слет үш блокта өтті: өлкетану, туристік, шығармашылық.  Өлкетану блогы бойынша қатысушылар іздеу-зерттеу жұмыс жобаларын екі бағытта таныстырды «Халық дәстүрлері, әдет-ғұрыптар мен мәдениет» мен «Туризм-спорт, денсаулық, демалыс». Туристік блогында туристік кедергілер жолағын өтіп, жартасқа шықты. Шығармашылық блогында туристік әндер орындады. Слеттің республикалық финалының қорытындысы бойынша бес номинация бойынша 27 жеңімпаз анықталды, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент және БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарының оқушылары.

«Атамекен» өнер ордасында  жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде қатысушыларды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.Тарасенко, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Р.Шер, «Халық қаһарманы» иегері, генерал-майор Қ.Үмбетов, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ туристік өнімдерді дамыту департаментінің директоры М. Траиспаева құттықтады.

Слет жеңімпаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы қамқоршылық кеңесінің төрағасы В. Михноның атынан арнайы сыйлық  Солтүстік Қазақстан  облысының командасына  табысталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.