Таразда қаржы пирамидасын құрып, тұрғындарды алдағандар анықталды
«The Finiko» қызметінен зардап шеккендер Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіне алады

Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Тараз қаласының аумағында «The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өңірде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «Thefiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы салымшыларды (инвесторларды) тартқан.
«Олардың қаражатына (крипто валютасына) әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті жүзеге асырып, кейіннен кірісті қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлгені анықталды», - делінген агенттік хабарламасында.
2021 жылғы шілдеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізілуде, нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.
«The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуын сұраймыз», - деді ведомство өкілдері.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.