Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары әрі экс-вице-министр сотталды
Сот барысында тәркіленген мүлікті иеленгені үшін үш экс-шенеунік сотталды
Алматы соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары – Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеровті бес жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Іс Алматының Медеу аудандық No2 сотында қаралды. Сот барысында тәркіленген мүлікті иеленгені үшін үш экс-шенеунік сотталды. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылды.
Сот анықтағандай, ҰҚК департамент бастығының орынбасары Талғат Мұханов Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің және Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Айнұр Құдайбергенованың сыбайластары арқылы сот үкімі бойынша көрінеу төмендетілген құны бойынша тәркіленген 5 дана мүлікті иемденген.
«Айыпталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, аудиторлық қорытындымен дәлелденді», - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Осылайша, сот үкімімен ҰҚК департаменті бастығының экс-орынбасары Мұханов 8 жылға, Алматы қаласы Қаржы басқармасының экс-басшысы Құдайбергенова мен Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеров өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырумен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыпталушылардың барлығы кінәсін мойындамады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Шенеуніктің ұсталғаны осы жылдың сәуір айында белгілі болған еді.