Қарабақтағы операция: Әзербайжан барлық мақсатына қол жеткізгенін мәлімдеді
Әзербайжан Армениямен шынайы диалогқа дайын екенін мәлімдеді

Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Қарабақтағы антитеррорлық операцияның барлық мақсаттарына қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ТАСС агенттігінің жазуынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Қарабақтағы жағдайға арналған отырысында Джейхун Байрамов Әзербайжан Армениямен шынайы диалогқа дайын екенін айтты.
«Әзербайжан антитеррорлық шаралар аясында алға қойған барлық мақсатына қол жеткізді. Егер Армения үшжақты мәлімдеме аясында алған міндеттемелерін орындағанда, бұған баяғыда және бейбіт жолмен қол жеткізуге болар еді. Олай болмағанына Армения ғана кінәлі», - деді Байрамов.
Байрамов Әзербайжанның орталық билігі мен Қарабақтағы армян халқы арасындағы диалог заңсыз қарулы құрылымдардың салдарынан мүмкін болмағанын айтты.
«Бұған дейін (Қарабақ армяндарымен – ред.) диалог жүргізу мүмкін болмаған еді, себебі армян тарапы Әзербайжанның дербес аумағында ауыр қару-жарақпен жабдықталған заңсыз қарулы топтардың болғанына сүйенді», - деді Байрамов.
Оның айтуынша, соңғы бір жылда әзербайжандық мамандар 2021 жылы Арменияда өндірілген 2,7 мыңнан астам минаны залалсыздандырған.
«2022 жылдың тамызынан бүгінгі күнге дейін 2021 жылы Арменияда өндірілген 2 728 мина Әзербайжан аумағында, үшжақты мәлімдемеге қол қойылғаннан кейін залалсыздандырылды», - деді ол.