«Дикий Арман» ісі: жәбірленушілер өміріне қатер төнгені айтылды

Автор: Мира Байбек

Алматыда Арман Жұмагелдиев ісіне қатысты алдын ала тыңдалым өтті

Фото ашық дереккөзден

Бүгін Алматыда Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) пен басқа да айыпталушылардың ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, бірқатар жәбірленуші, кейбір айыпталушылар мен олардың адвокаттары, сондай-ақ куәгерлер сотты жабық есік жағдайында өткізу туралы өтініштерін жолдаған.

«Олар өз өмірлеріне, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар сот адвокат пен айыпталушының прокурорларды сайлау құқығынан айыру туралы өтінішін қанағаттандырмады», - делінген сот хабарламасында.

Айта кетсек, сотталушылардың қатарында 45 адам бар. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 362 (билікті немесе өкілеттікті асыра пайдалану), 262 (қылмыстық топты, қылмыстық ұйымды құру және басшылық жасау, оған қатысу), 272 (жаппай тәртіпсіздік), 191 (тонау), 126 (заңсыз бас бостандығынан айыру) 268-баптары (бандитимз) бойынша айып тағылған.

Тақырыпқа орай: Дикий Арманның ісі: сот адвокаттың өтінішіне жауап берді

Осы жылдың 4 қыркүйегінде қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) шетелден 2021 жылдың желтоқсан айында келгенін және Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болғанын хабарлаған. Ол 5 адамнан тұратын қылмыстық топпен 2022 жылдың 7 қаңтарында арнайы операция кезінде ұсталды. Содан кейін күдіктілерден әртүрлі маркалы қару-жарақ, сондай-ақ оқ-дәрілер, суық қару-жарақ және брондалған көлік тәркіленді. Осы уақытқа дейін ол қамауда отыр. Арман Жұмағелдиевтің адвокаты бұған дейін азаптау фактісі бойынша тергеу сотында жеңіске жеткенін хабарлаған.

Естеріңізге сала кетейік, Қаңтар оқиғасы бойынша Алматы қалалық мәслихатының 7-шақырылымының депутаты Қайрат Құдайберген де ұсталған. Ол «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты» деген күдікке ілінді. Жұмагелдиевпен бірге Алматыда «Қазақстан» қонақ үйінде адамдарды жинауды ұйымдастырғаны анықталды.